фото/Акорда
Қостанайда KIA Qazaqstan толық циклді зауытының ашылуы өтті – бұл еліміздің заманауи өнеркәсіптік картасындағы маңызды жобалардың бірі. Салтанатты іске қосу рәсімі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен телекөпір форматында өтті, деп хабарлайды Urbanexpert.kz Aqorda.kz-ке сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы кәсіпорынның ашылуы – Қазақстан машина жасау саласын дамыту және отандық автокөлік өнеркәсібінің әлеуетін нығайту жолындағы стратегиялық қадам екенін атап өтті. Оның айтуынша, жаңа зауыттың іске қосылуы елдің заманауи өндірістік инфрақұрылым қалыптастыру және өндірісті жергіліктендіруді кеңейту бағытына сай келеді.
– Бүгінгі маңызды оқиға – Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы стратегиялық серіктестіктің және табысты ынтымақтастықтың жарқын көрінісі. Корея Республикасы – Азиядағы Қазақстанның сенімді серіктесі. Біз ынтымақтастығымызды одан әрі тереңдетуге мүдделіміз. Қазір елімізде 800-ден астам корей компаниясы табысты жұмыс істеп жатыр. Осы ретте, автомобиль жасау – өзара тиімді ынтымақтастығымыздың негізгі бағыттарының бірі екенін нық сеніммен айта аламыз. Бұл ерекше зауыттың ашылуы – соның айқын дәлелі. KIA корпорациясы – әлемдегі ең ірі автокөлік өндірушілердің ондығына кіреді және қазақстандықтар арасында ең танымал үш марканың бірі. KIA атауы екі иероглифтен тұрады – «көтерілу» және «Азия» деген мағына береді. Компания, шынында да, Азияның жаңа экономикалық өрлеуінің және жаңғыруының жарқын символына айналды. KIA – болашақтың корпорациясы, оның автокөліктері заманауи технологиялар, айшықты дизайн және жоғары сенімділікті үйлестіре білді, – деді Президент.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев KIA Corporation президенті Хо-Сун Сонгты «Достық» орденінің II дәрежесімен марапаттады.
– Біз Сіздің қазақ-корей ынтымақтастығын дамытуға және халықтарымыз арасындағы достықты нығайтуға қосқан зор үлесіңізді жоғары бағалаймыз. Сіз еліміздің автомобиль өнеркәсібінің қалыптасуына айтарлықтай үлес қостыңыз, – деді Президент.
Зауыттың ашылуы Қостанайдың өнеркәсіптік орталықтан индустриялық-технологиялық хабқа айналуын білдіреді. Мұнда жаңа жұмыс орындары құрылып, салалық өндірістер дамып, қалалық ортаны жаңғыртуға мүмкіндік жасалуда.