фото/Home Credit Bank
Home Credit Bank өзінің 20 жылдық мерейтойына орай Қазақстан қалаларын көгалдандыруға бағытталған ауқымды экологиялық бастама – «Жасыл аллея» жобасын жүзеге асыруда, деп хабарлайды Urbanexpert.kz сайты zakon.kz-ке сілтеме жасап.
Бұған дейін банк қызметкерлері мен еріктілер Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент және Көкшетау қалаларында шамамен 600 ағаш отырғызған болатын. Алдағы уақытта банк елдің 12 қаласында 1200-ден астам ағаш егіп, жобаның жалпы құнын 36 миллион теңгеге жеткізуді жоспарлап отыр.
Қазан айында жоба Қарағанды мен Жезқазғанға да жетті. Бұл қалаларда банк қызметкерлері, волонтёрлер мен серіктестер жергілікті саябақтарда тағы 200 ағаш отырғызды.
Алғашқы 100 көшет – қайың, шетен және алма ағаштары – А. С. Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің аумағына отырғызылды. Акцияға студенттер мен оқытушылар белсенді түрде қатысты.
Home Credit Bank Қарағанды филиалының ШОБ дамыту жөніндегі директорының орынбасары Самғат Айтжан қала тұрғындарының белсенділігін ерекше атап өтті:
«Қарағандыда кәсіпорындар мен түрлі қоғамдық ұйымдар көп, бірақ экология мәселесіне ерекше көңіл бөлу қажет. Сондықтан біз жобамызды ағаш отырғызуға арнадық. Қаланы көгалдандыруға өз үлесімізді қосып, студенттерге қуаныш сыйлайтын әрі қаланың тынысын кеңейтетін жасыл аймақ қалыптастырғымыз келеді», – деді ол.
Қарағанды бүгінде мұндай бастамаларға аса мұқтаж: 2023 жылы қала ауа сапасы бойынша әлемдегі ең ластанған 23 қаланың қатарына енді.
Келесі күні, 11 қазанда, эстафетаны Жезқазған қабылдады. «Наурыз» саябағында банк қызметкерлері клиенттермен, экоактивистермен және қала мен облыс әкімдігінің қолдауымен 100 пирамида тәрізді терек отырғызды.
«Жезқазған – тарихы терең, мінезі мықты қала. Бірақ экологиялық жағдайы оңай емес. Сондықтан бұл жоба біз үшін ерекше маңызды. “Жасыл аллея” аясында отырғызылған 100 ағаш – біздің қаламызды көгалдандыруға қосқан аз да болса үлесіміз. Біз балаларымыздың таза ауамен тыныстап, туған қаласымен мақтануын қалаймыз», – деді Home Credit Bank Жезқазған филиалының сату бөлімінің жетекшісі Дарья Новосёлова.
Жезқазғанда экологиялық мәселелер өткір тұр: ауаның және су көздерінің ластануы, өндірістік және тұрмыстық қалдықтардың жиналуы, шөлейттену процесі – мұның бәрі әрбір ағашты ерекше бағалы етеді.
«Жасыл аллея» жобасы Home Credit Bank-тің корпоративтік ESG стратегиясының бір бөлігі болып табылады. Бұл стратегия экологиялық, әлеуметтік және басқарушылық қағидаттарды біріктіреді. Мерейтой жылы банк экология, әлеуметтік және білім беру инфрақұрылымын дамыту салаларында бірқатар қайырымдылық жобаларын іске асырып, сондай-ақ Алматы, Астана, Қостанай және Орал қалаларындағы жедел жәрдем қызметкерлеріне қолдау көрсетті.