Алматы полицейлері оқушыларға жол ережесін үйретті

Қазақстан жаңалықтары
12.02.2026
17:03
Алматы полицейлері оқушыларға жол ережесін үйретті

Алматыдағы №102 мектепте жол қауіпсіздігіне арналған интерактивті сабақ өтті. Шараны қалалық полиция департаментінің қызметкерлері ұйымдастырды. Басты мақсат - оқушыларды жолда абай болуға және ереже сақтауға баулу. Бұл туралы Алматы қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап Urbanexpert.kz хабарлайды.

Тәртіп сақшылары балаларға жаяу жүргіншілер мен велосипедшілерге қатысты талаптарды түсіндірді. Самокат тізгіндейтін жасөспірімдерге де маңызды кеңестер айтылды. Әсіресе «Жас инспекторлар» тобының өнері оқушыларға қатты ұнады. Олар ойын түрінде қауіпсіздік шараларын көрсетті.

Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Серік Шумаев оқытудың жаңа әдісі туралы айтып берді:

«Жолдағы қауіпсіздік балалық шақтан басталады. Біз жаттанды лекциялардан гөрі, балалармен тікелей сөйлесуді жөн көреміз. Интерактив пен мысалдар арқылы түсіндіру әлдеқайда тиімді. Бұл балаларға ереженің өмірі үшін қаншалықты маңызды екенін ұғынуға көмектеседі».

Полиция мұндай сабақтарды мектептерде тұрақты түрде өткізіп тұрады. Дегенмен, мамандар қауіпсіздік ортақ міндет екенін еске салады. Ата-аналар мен мұғалімдер де балаларды жол ережесіне үйретуге атсалысуы керек.

Есепке қою туралы № KZ59VPY00090729 БАҚ куәлігі 11.04.2024 жылы берілді.