фото/ҚР Үкіметінің ресми Telegram-каналы
Оңтүстік Корея астанасында Alatau Rise With Kazakhstan форумы өтіп жатыр. Іс-шара аясында ауқымды ұлттық жоба — Alatau City таныстырылды. Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев жаңа қаланың тұжырымдамасын Оңтүстік Кореяның әлеуетті инвесторлары мен серіктестеріне ұсындыдеп хабарлайды Urbanexpert.kz ҚР Үкіметініңе сiлтеме жасап.
Қазақстан тарапынан форумға Alatau City дамыту кеңесінің мүшелері — Юрий Цхай, Caspian Group төрағасы, және жобаның инвестициялық серіктесі Alatau City Bank-тің жалғыз акционері Вячеслав Ким қатысты.
Жаңа Alatau City қаласы негізгі көлік дәліздерінің тоғысында орналасып, шамамен 88 мың гектар аумақты қамтиды. Бүкіл аймаққа арнайы экономикалық аймақ мәртебесі беріліп, инвесторлар үшін бірқатар жеңілдіктер қарастырылған: корпоративтік табыс салығынан, жер және мүлік салығынан босату, сондай-ақ қала аумағында өткізілетін тауарларға қосылған құн салығының нөлдік мөлшерлемесі.
Биыл қыркүйек айында Президенттің арнайы Жарлығымен Алатау ілгерілей дамитын қала мәртебесін иеленді. Қаланың стратегиялық басқару шешімдерін қабылдау үшін Премьер-министр төрағалық ететін дамыту кеңесі құрылды. Бұл жобаның Үкіметке тікелей бағынысты болуын қамтамасыз етеді.
Қанат Бозымбаевтың айтуынша, Alatau City технологиялық компаниялар мен экспортқа бағытталған өндірістердің жаңа орталығына айналады. Қала қалалық әуе мобильдігі, сутегі энергетикасы, цифрландыру және “ақылды” инфрақұрылым бағыттарында дамитын болады.
«Бүгінгі таңда Қазақстанда энергетика, құрылыс, қаржы, денсаулық сақтау, автокөлік және IT салаларында 800-ден астам корей компаниялары табысты жұмыс істеуде. Біз бірлескен жобаларды кеңейтуге, корей өнеркәсіптік және энергетикалық компанияларын тартуға мүдделіміз. Өзара тиімді ынтымақтастыққа ашықпыз және сіздерді ұлттық Alatau City жобасына қатысуға шақырамыз», — деді Қанат Бозымбаев.
Roadshow аясында Қазақстан мен Кореяның мемлекеттік және іскерлік құрылымдары арасында өзара түсіністік туралы бірқатар меморандумдарға қол қойылды. Олардың ішінде:
• Энергетика министрлігі мен GGGI (Global Green Growth Institute) арасындағы келісім,
• Көлік министрлігі, Korea Airports Corporation (KAC) және AAAG арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум,
• Алматы облысының әкімдігі мен RETD компаниясы арасындағы келісім бар.
Сонымен қатар, Ғылым және жоғары білім министрлігі, Кореяның Алдыңғы қатарлы ғылым және технологиялар институты (KAIST) және Alatau City Bank арасында жаңа университет құру және дамыту бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Жұмыс сапары аясында Қанат Бозымбаев Оңтүстік Корея Парламенті мен министрліктерінің өкілдерімен кездесіп, Ұлттық жиналыс депутаты Пак Хон Гын, Сауда, өнеркәсіп және энергетика министрі Ким Джунг Кван, сондай-ақ KITA және Young Business Leaders Network басшыларымен келіссөздер өткізді.
Тараптар Қазақстан мен Корея арасындағы сауда-экономикалық байланыстардың тұрақты дамып келе жатқанын атап өтті. 2024 жылы Оңтүстік Корея Қазақстанның 10-шы ірі сауда серіктесі, сондай-ақ инвестиция көлемі бойынша 3-орында болды.
Екі тарап өзара ынтымақтастықты тереңдетіп, жаңа бірлескен бастамаларды іске асыруға дайын екендіктерін білдірді.