«Қалбатау – Майқапшағай» тасжолында көлік қозғалысы толық ашылды

Жаңалықтар
17.10.2025
12:20
«Қалбатау – Майқапшағай» тасжолында көлік қозғалысы толық ашылды

фото/КазАвтоЖол

Ұлттық компания «ҚазАвтоЖол» республикалық маңызы бар «Қалбатау – Майқапшағай» (906–1321 км) автожолын реконструкциялау бойынша негізгі құрылыс жұмыстарын аяқтады, деп хабарлайды Urbanexpert.kz «ҚазАвтоЖол»-ға сілтеме жасап.

Ұзындығы 415 шақырымды құрайтын учаскенің бойымен көлік қозғалысы толық ашылды.

Жоба Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында ұлттық жол желісін жаңғырту және елдің көлік-логистикалық әлеуетін арттыру мақсатында жүзеге асырылды. Қаржыландыру Қытайдың Экспорт-импорт банкі мен Республикалық бюджет есебінен қамтамасыз етілді.

Құрылыс жұмыстары Абай және Шығыс Қазақстан облыстарының аумақтарын қамтыды. Барлығы 10 құрылыс учаскесі мен 2 жол пайдалану бөлімі жұмыс істеді. Негізгі жұмыстар, соның ішінде асфальт төсеу толық аяқталған. Жол бойындағы инфрақұрылымды абаттандыру жұмыстары қараша айының соңына дейін толық бітуі жоспарланып отыр.

Жобаны іске асыру кезінде отандық құрылыс материалдары мен жергілікті тұрғындардың еңбегі кеңінен пайдаланылды. Бұл өңір халқын жұмыспен қамтып, жергілікті экономиканың дамуына серпін берді. Құрылыста 8 асфальт-бетон зауыты, 1100 техника бірлігі және 1800-ден астам маман жұмылдырылды.

Реконструкция аясында 37 көпір, 2 жол өтпесі, 2 көлік айрығы, 349 су өткізу құбыры, сондай-ақ демалыс алаңдары мен санитарлық тораптар салынды. Бұл жол пайдаланушылардың жайлылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

«ҚазАвтоЖол» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев жаңа жолдың стратегиялық маңызын атап өтті:

«Қалбатау – Майқапшағай» тасжолы еліміздің орталық және шығыс өңірлерін Қытай Халық Республикасының шекарасымен байланыстырып, Қазақстанның транзиттік әлеуетін күшейтеді және азаматтарға қолайлы жағдай жасайды».

Трасса бойындағы қозғалыстың ашылуы — халықаралық стандарттарға сай заманауи, қауіпсіз және бәсекеге қабілетті жол инфрақұрылымын дамытуға бағытталған мемлекеттік саясаттың маңызды кезеңі болды.

Есепке қою туралы № KZ59VPY00090729 БАҚ куәлігі 11.04.2024 жылы берілді.