Астанада жаңа жол учаскелері ашылуда

Жаңалықтар
28.10.2025
14:22
Астанада жаңа жол учаскелері ашылуда

фото/Акимат

Елордада көше-жол желісін ауқымды түрде жаңарту жұмыстары жалғасуда. Транспорт және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы бірқатар маңызды учаскелерде жұмыстардың аяқталып, қозғалыстың қайта ашылғанын хабарлады, деп жазады Urbanexpert.kz Астана қаласы әкімдігіне сілтеме жасап.

25 қазаннан бастап Қайсенов көшесінде – Ұлы Дала даңғылынан Бұхар жырау көшесіне дейінгі аралықта көлік қозғалысы ашылды. Мұнда бағдаршамдар мен жол белгілері орнатылып, абаттандыру және жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. Сол күні Аманжолов көшесінде – Райымбек батыр көшесінен Қалдаяқов көшесіне дейінгі бөлікте қозғалыс қамтамасыз етілді. Инженерлік желілер бойынша жұмыстар аяқталып, абаттандыру жалғасуда.

28 қазаннан бастап Қонаев көшесінде – Тұран даңғылынан Қабанбай батыр даңғылына дейінгі учаскеде көлік қозғалысы қайта жанданады. Негізгі құрылыс жұмыстары аяқталып, жаңа жабын төселді, жол сызықтары мен белгілер орнатылды.

1 қарашада А62 көшесін – Астана–Қарағанды трассасынан А91 көшесіне дейінгі бөлікте құрылысты аяқтау жоспарлануда, ал 5 қарашада К. Мұхамедханов көшесінің жаңа бөлігі – Айтматов көшесінен Қорғалжын тас жолына дейін ашылады.

Биыл сондай-ақ Құйшы Дина көшесінің – Жұмабаев көшесінен Абылай хан даңғылына дейінгі аралығының құрылысы толық аяқталды. Мұнда жарықтандыру жүйесі орнатылып, автотұрақ орындары мен қозғалысты реттеу элементтері жасақталды. Айтеке би көшесінде – Сығанақ көшесінен Мұхамедханов көшесіне дейінгі учаскеде қозғалыс ашылған, ал бағдаршамдарды орнату жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады.

Т. Рысқұлов көшесінде – Мәңгілік Ел даңғылынан Нұра каналына дейінгі аралықта қозғалыс ашылды. Бұл жерде жаяу жүргіншілер жолдары, веложол және жаңа жарықтандыру жүйесі қарастырылған. Тәуелсіздік даңғылынан Арыс көпіріне дейінгі Қалдаяқов көшесінің жабыны жөнделіп, ЕК-32 көшесінде – Төле би көшесінен «Хан Шатыр» СО-ға дейінгі қозғалыс қамтамасыз етілді.

А. Бектұров көшесінде Тұран даңғылына шығатын бөлікте жаңа бағдаршам орнатылып, жол таңбалары мен абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, Бұхар жырау көшесі – Әл-Фараби даңғылынан Жошы хан көшесіне дейінгі аралықта жаңғыртылуда.

Аталған учаскелерде қозғалыстың қайта ашылуы қаланың аудандары арасындағы көлік байланысын арттырып, негізгі магистральдарға түсетін жүктемені азайтады және елорда тұрғындары мен қонақтарының жолда өткізетін уақытын қысқартуға мүмкіндік береді.

Есепке қою туралы № KZ59VPY00090729 БАҚ куәлігі 11.04.2024 жылы берілді.