Фото:Асылбек Альбина
Жаңаөзен тұрғындары қалалық автобус маршруттарының бірінде қозғалыс аралығының сирек болуына шағымдануда. Қала әкімдігі жақын уақытта бағытқа жаңа автобустар шығарылады деп уәде берді.Бұл туралы Жаңаөзен қаласының әкімдігіне сілтеме жасап,Urbanexpert.kz хабарлайды
Қоғамдық көліктің ескіргені туралы мәселені Жаңаөзен тұрғындары көтерді. Олардың айтуынша, қолданыстағы автобустар саны жолаушыларға толық қызмет көрсету үшін жеткіліксіз.
«Жаңаөзен қаласындағы Мерей шағын ауданындағы №11 маршруттың автобустары қашан жаңартылады? Бар болғаны төрт автобус қана жүр, олардың барлығы ескі - тарсылдап, әрең жүреді. Біз бұған дейін шағым жазғанбыз, сонда автобустар саны көбейтіледі деп жауап берген еді: өтінім беріліп, қаржыландыру күтіліп жатыр деді. Нақты айтыңыздаршы - бұл қашан болады? Неліктен Жаңаөзен үшін жаңа автобустар сатып алынбайды?» - деп жазды қала тұрғындарының бірі.
Жаңаөзен қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметінше, өткен жылдың 25 ақпанынан бастап №11 маршрутқа «Aktau Bus» ЖШС қызмет көрсетіп келеді. Келісімшартқа сәйкес, бағытта үш автобус жұмыс істеуі тиіс. Алайда Рахат ауылы тұрғындарының өтініші бойынша маршрутқа қосымша тағы бір резервтік автобус шығарылған.
Әкімдікте аталған маршрут жақын арада жаңартылатынын мәлімдеді.
“Aktau Bus” ЖШС-не автобустар санын кезең-кезеңімен арттыру, сондай-ақ Жаңаөзенге Yutong маркалы жаңа автобустар жеткізуді ұйымдастыру тапсырылды. Құжаттарды рәсімдеу жұмыстары аяқталу кезеңінде. Осыдан кейін жаңа автобустар қалаға жеткізіледі», - деп хабарлады.
Есепке қою туралы № KZ59VPY00090729 БАҚ куәлігі 11.04.2024 жылы берілді.
