SHARE Kazakhstan 2026: Алматыда әлемнің жетекші сәулет бюролары бас қосты

SHARE Kazakhstan 2026: Алматыда әлемнің жетекші сәулет бюролары бас қосты

Алматыда сәулет және қаланы дамыту жөніндегі SHARE Kazakhstan 2026 халықаралық форумы екінші рет өтіп жатыр. Форум қатысушыларын құттықтаған Алматы әкімі Дархан Сатыбалды қалалық ортаны дамытуда халықаралық деңгейдегі кәсіби диалогтың, тәжірибе алмасудың және озық сәулет тәжірибесін қолданудың маңызы зор екенін атап өтті.

Іс-шараға Ұлыбритания, Германия, Дания, Испания, Словения, Түркия, Қытай, Оңтүстік Корея және басқа елдерден Zaha Hadid Architects, Foster + Partners, Bjarke Ingels Group (BIG), Kohn Pedersen Fox (KPF), Gehl, gmp Architekten, Aedas, SimpsonHaugh, MORPH, ENOTA, LDA Design, CITIC Design секілді жетекші сәулет бюроларының сәулетшілері мен сарапшылары қатысып жатыр.

SHARE Kazakhstan 2026 форумының пленарлық залы

SHARE Kazakhstan 2026 форумының пленарлық залы. Фото: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Алматы әкімі: қала теңгерімді дамуы тиіс

Алматы әкімі форум жобаларды іске асыруға, сондай-ақ халықаралық және қазақстандық сәулет бюроларының, университеттер мен сарапшылардың жемісті ынтымақтастығына жол ашатынына сенім білдірді.

«Бүгінде әлемде елдер ғана емес, қалалар да адами капитал, инвестиция және идея үшін бәсекелесіп жатыр. БҰҰ дерегінше, жер жүзінде халқы миллионнан асатын 500-ден астам қала бар, ал 2030 жылға қарай олардың саны 700-ден асады. Әлемдік жалпы ішкі өнімнің 80 пайыздан астамы қалаларда өндіріледі. Алматы - Қазақстанның ең ірі қаласы әрі Орталық Азияның жетекші экономикалық, іскерлік және мәдени орталықтарының бірі. Мұнда 2,4 миллионнан астам адам тұрады, еліміздің жалпы ішкі өнімінің шамамен 22 пайызы Алматының үлесінде. Алматы өмір сүруге, еңбек етуге, білім алуға және кәсіп ашуға қолайлы қала болып қалуы керек», - деді Дархан Сатыбалды.

Әкімнің айтуынша, Алматы үшін экологиялық тұрақтылықты, жасыл аумақтарды және қаланың табиғи желдетілуін сақтау аса маңызды. Сондықтан қала қарқынды ғана емес, теңгерімді де дамуы тиіс.

«Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған міндеттер біз үшін ерекше маңызды. Президент заманауи инфрақұрылымы бар, тұрмыс сапасы жоғары, адамға қолайлы орта қалыптасқан жаңа мемлекет құру қажеттігін атап өтті. Бұл Алматыға үлкен жауапкершілік жүктейді. Қаламыз қалалық орта сапасының жаңа стандарттарын қалыптастырып, құрылыс, сәулет және қала құрылысы салаларында көшбасшы болуы тиіс. Біз халықаралық тәжірибе мен жаңа технологияларға ашықпыз. Біз үшін дайын жобаларды сол күйінде көшіру емес, қаланың дамуына кәсіби баға алу және шетелдік сәулетшілермен бірлесіп, Алматының нақты аумақтарына лайық шешімдер табу маңызды», - деді Алматы әкімі.

Форумда сөз сөйлеген спикер

Форумда сөз сөйлеген спикер. Фото: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Сәулет мұрасы мен заманауи шешімдер

SHARE Architects негізін қалаушы Флорин Миндириджиу заманауи сәулет шешімдерін Алматының өзіндік болмысымен, бірегей табиғи ландшафтымен және сәулет мұрасымен ұштастыру маңызды екенін айтты. Оның пікірінше, халықаралық тәжірибе қаланың дамуына, тұрғындарға қолайлы жағдай жасауға және Алматының өзіндік келбетін сақтауға қызмет етуі керек.

«SHARE Kazakhstan бізге Алматының қаланы дамытудағы ұстанымын таныстыруға, осы бағытта атқарған жұмысымызбен бөлісуге және сәулет пен қала құрылысы саласындағы өзекті міндеттерді талқылауға мүмкіндік береді. Дамып келе жатқан өзге қалалардың тәжірибесін зерделеу, олардың заманауи сын-қатерлерді қалай еңсеріп жатқанын білу және Алматының ерекшелігін ескере отырып қолдануға болатын шешімдерді айқындау да маңызды», - деді «Алматыбасжоспар» ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Асхат Сәдуов.

Пікірталас: қалалардың болашағы туралы көшбасшылардың көзқарасы

Пікірталас: қалалардың болашағы туралы көшбасшылардың көзқарасы. Фото: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Форумда не талқыланады

Биік ғимараттар салу және қоғамдық кеңістіктерді дамыту - форумдағы негізгі тақырыптардың бірі. Екінші күні заманауи сәулет пен жобалау тәжірибесіне баса назар аударылады: пленарлық сессияларда спикерлер қоғамдық ғимараттардың жобаларын, қасбеттерге арналған сәулет шешімдерін және ауқымды құрылыс жобаларының үлгілерін таныстырады.

Материал Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі ұсынған деректер негізінде дайындалды. Форум туралы толығырақ - SHARE Architects сайтында.

Есепке қою туралы № KZ59VPY00090729 БАҚ куәлігі 11.04.2024 жылы берілді.