Сурет порталдың редакциясымен жасалған
Алматы қаласында қазіргі таңда электромобильдерге арналған 400 зарядтау станциясы жұмыс істеп тұр. Бұған қоса, қала әкімдігі тағы 300-ден астам станция орнатуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Vlast.kz басылымының сұрауына берген жауапта Жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасы мәлімдеді. Алайда станциялардың қашан іске қосылатыны нақты айтылмады.
2025 жылдың мамыр айында «Алматы» қоғамдық кәсіпкерлік ұйымы қаладағы танымал орындарда электромобильдерге арналған қуаттау станцияларын орналастыру үшін 311 жер телімін бөлген болатын. Барлық станциялар жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Нәтижесінде Алматыдағы зарядтау станцияларының жалпы саны 622-ге жетуі тиіс еді.
Басқарма деректеріне сәйкес, қалада 13 мыңнан астам электромобиль тіркелген. Ал «Медеу» табиғи паркі ұсынған ақпарат бойынша, оның аумағында 15 092 электрокар есепке алынған. Бұл базаға иесінің тұрғылықты жеріне қарамастан, барлық тіркелген электромобильдер енгізіледі. 1 сәуірдегі мәлімет бойынша, Алматыда 8 385 электромобиль тіркелген.
Электромобильдер санының тұрақты өсуіне байланысты басқарма мен «Медеу» паркі таулы аймақтарға кіруді шектеу мәселесін қарастыруда.
«Бұл көлік ағынының, соның ішінде электромобильдердің көбеюіне байланысты экологиялық жүктемені және инфрақұрылымның тұрақтылығын бағалау қажеттілігімен байланысты», – делінген парктің жауабында.
Басқарма мәліметінше, жұмыс күндері Медеу – Шымбұлақ жолымен 300-400 электромобиль өтсе, демалыс күндері бұл көрсеткіш орта есеппен 600-700 көлікке дейін жетеді.
«Медеу» паркі мен «Шымбұлақ» тау-шаңғы курортының аумағында 23 зарядтау станциясы және электромобильдерге арналған 43 тұрақ орны бар. Алайда бұл тұрақтар «Shymbulak Development» ЖШС-не тиесілі аумақта орналасқан және ақылы негізде ұсынылады.
Алдынғы жылдан бері электромобиль иелері тиісті құжаттары болған жағдайда, қаладағы барлық коммуналдық тұрақ орындарын тегін пайдалана алады.
